Қазақша
Русский

«ТЕАТРАЛЬНАЯ ОСЕНЬ» І АЙМАҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ

Қазанның 25 мен 28 күндерi аралығында, фестиваль иелерi мен қонақтардың орындауында, спектакль қойылымдары көрермен қауым мен қазылар алқаларының сынына ұсынылды. Мерейтой иесi — Ақмола облыстық орыс драма театры мерекелiк iс — шараның бастамасын «Гамлет» трагедиясының тұсаукесерiмен дүйiм халыққа паш етiп салды. Н.Ф.Погодин атындағы Солтүстiк Қазақстан облыстық орыс драма театры байқауға — ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында қазақ даласын ашаршылық пен өлiм жалмаған зұлмат кезең жайлы сыр шертетiн О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасын ұсынды. Астана қаласы М.Горький атындағы Мемлекеттiк академиялық орыс драма театры бүгiнгi күнгi тұрмыс салты мен отбасылық қарым — қатынасты сипаттайтын, А.Яблонская шығармасынының желiсiмен сомдалған «Язычники» драмасын сахналады. У.Шекспирдiң «Двенадцатая ночь, или что угодно» махаббат жырын жырлайтын романтикалық комедиясымен Қостанай облыстық орыс драма театры сахна төрiнде өнер көрсеттi. Сонымен қатар, фестиваль иелерiнiң орындауында, байқаудан тыс екi қойылымның — Н.Коляданың «Курица» мен А.Островскийдiң «Бесприданница» көрсетiлiмдерi өттi.

 

Дебюттi фестивальдi бағалауға келген қазылар алқасы қатарын, елiмiздiң және шет елдiң беделдi сыншылары мен өнер қайраткерлерi толықтырды. Олардың қатарында Ресей Федерациясының театр сыншысы, «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығының қазылар алқасы мүшесi, Халықаралық және бүкiлресейлiк театр фестивалiнiң сыншылар кеңесiнiң мүшесi Игламов Нияз Рауфович және қазылар алқасының төраймы, ҚР мәдениет қайраткерi, профессор, театр сыншысы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерiнiң тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушiсi Қабдиева Сәния Дүйсенханқызы.

 

«Театрлық фестивальдiң өтуi — елеулi оқиғалардың бiрi. Республика көлемiндегi фестивальдер Қазақстанда жыл сайын, күз мезгiлiнде өткiзiледi, сирек болса да, халықаралық деңгейдегi фестивальдердiң де орны бар. Жақында жеке театрлар аймақтық фестивальдердi өткiзе бастады. Сiздердiң аймақтарыңыздағы бұл алғаш рет өткiзiлiп отырған iс-шара. Аса маңызды мәселе, бұл фестиваль — орыс фестиваль мерекесi, өйткенi республика көлемiндегi фестивальдерге негiзiнен қазақ және өзге ұлттық театрлар (кәрiс, немiс, ұйғыр) ат салысады. Орыс театрларына тоқталсақ, елiмiздегi саны 20-дан астам болғанымен де, бұндай фестивальдерге қатысуға ниет бiлдiре бермейдi. Менiңше, бiрiншiден, фестиваль театрдың маңызды деген мәселелерiн көтермек, екiншiден, аймақтағы театр өнерiнiң дамуына үлкен серпiнiн беретiнi хақ» — деп, баспасөз маслихатында қазылар алқасы мүшелерiнiң төрайымы Сәния Қабдиева айта кеттi. «Екiншi де, үшiншi де фестивальдердiң орын алғанын қалар едiк, өйткенi олар өткiзу жағынан аса күрделi болып келедi. Алғашқы фестивальдiң тұсаукесерiне күш те, жiгер де, қаржы да табылады, онымен қоса iс — шара белгiлi бiр мерейтойға орайластырып өткiзiледi, ал оның тiзгiнiн ұстап жалғастыру қиындау… Фестивальдi өткiзудiң кестесiн нақтылап, оның өткiзiлуi жыл сайынғы дәстүрге айнала ма, әлде екi — үш жылда бiр рет өтетiн iс — шара болып келiсiледi ме. Фестиваль — бұл тек пiкiрлестердiң ұйыған мекенi ғана емес, бұл театр өнерiн алға бастаудың құралы, аудиторияны рухани жағынан дамыту құралы болып табылады. Және ол театр шығармашылығына деген қызығушылықты оятады. Кiшiгiрiм қалалардағы театрлардың мәселесi неде? Ол көрермен қауымның назарын қалай болса да ұстап қалу. Сондықтан олар ымыраға келедi. Ал жеңiл желпi комедиялар мен ысқақтардағы бiрқилы рөлдерде актердiң өнерi шыңдалмайды. Сiздердiң театрыңыз ондайдан алшақ. Театр күрделi жұмыстарды қолға алудан сескенбейдi. Бұның өзi зор құрметке лайық» — деп, айтып өттi Нияз Игламов. Театрды мерейтойымен құттықтауға Ақмола облысының әкiм орынбасары Айна Мусралимова келiп, театрға iзгi ниетi мен 7 млн. теңге көлемiндегi сертификатты табыс еттi. Өз сөзiнде, Айна Мусралимова театрдың 90 — шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде де өз көрерменiне адал болып, жарық жоқта шам шырақтың мөлдiреген сәулесiмен ғана сахнада өнер көрсетудi жалғастырғанын еске түсiрдi. Фестивальдiң тағы да бiр құрметтi қонағы — Ресейдiң ғылым және мәдениет орталығының жетекшiсi, Қазақстандағы Ресей Федерация елшiлiгiнiң кеңесшiсi Виктор Нефедов, жиналған қонақтар мен көрермен қауымды театр мерейтойымен және Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық қарым — қатынастың орнағанына мiне 25 жыл толуымен құттықтады.

 

Ақмола облыстық орыс драма театрының 40 жылдық мерейтойына орайластырылған «Театральная осень» I Аймақаралық фестивальдiң жеңiмпаздары:

-«Үмiт» — номинациясы бойынша жүлденi Н.Ф.Погодин атындағы Солтүстiк Қазақстан облыстық орыс драма театрының актрисасы О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасында Сәуленiң рөлiн сомдаған үшiн Екатерина Литвинова иелендi.

-«Жыл жаңалығы» номинациясына У.Шекспирдiң «Гамлет» спектаклiнде Гамлет рөлiн сомдаған үшiн актер С.Тавгень лайық деп танылды.

-«Үздiк шығармашылық iзденiсi үшiн» номинациясы бойынша У.Шекспирдiң «Гамлет» трагедиясын сахналаған үшiн О.Луцива үздiк деп танылды — Ақмола облыстық орыс драма театры.

-«Үздiк спектакль» номинациясы бойынша жүлдемен бiрауыздан А.Яблонскаяның «Язычники» драмасы лайық деп танылды — Астана қаласы М.Горький атындағы Мемлекеттiк академиялық орыс драма театры.

03.11.2017
1420